НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы саласына қатысты заң жобалары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аграрлық секторды одан әрі дамыту үшін шешуді қажет ететін бірқатар маңызды міндеттер де бар. Нақты айтсақ, биыл еліміздің кейбір өңірлерінде болған қуаңшылық жайылымдық жерлер мен жем-шөп дайындауға қатысты біраз мәселенің басын ашып берді. Жем-шөп өндірісі ауыл шаруашылығының маңызды бағыттарының бірі. Биылғы тапшылыққа ауа-райымен қатар жем-шөп дақылдарына арналған алқаптардың жеткіліксіз болуы да өз әсерін тигізді. Бұл ретте, құрғақшылыққа төзімді агродақылдарды өсіруді ынталандыруға бағытталған кешенді іс-шараларды қолға алу керектігін мамандар көтеруде», — деді М. Әшімбаев Сенатта «Ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда. Оның айтуынша, ұсақ шаруашылықтарды, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылық кооперацияларын дамыту аталған мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке қосалқы шаруашылық мәртебесі мен оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды айқындайтын және ұсақ тауар өндірушілердің кооперациясын дамытуға арналған тиісті заң жобасын әзірлеудің маңызы зор. «Сонымен қатар ветеринария саласын жетілдіру де аса маңызды. Бұл мәселені сенаторлар дәйекті түрде көтеруде. Инфекциялық аурулардың тұрақты өршуі бұл салада жүйелі сипаттағы проблемалар бар екенін көрсетіп отыр. Ол мәселелерді шешу тамақ өнімдерінің қауіпсіздік дәрежесіне және мал өнімдерін экспорттауға да тікелей әсер ететіні анық. Сондықтан Үкімет ветеринария мәселелеріне ерекше назар аударып, оларды еңсеру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет», — деді Сенат төрағасы. «Ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесін жетілдіру де маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі қолданыстағы субсидиялау жүйесінде бірқатар мәселелер бар. Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында осы тақырыпқа ерекше назар аударғанын жақсы білесіздер. Сондықтан тиісті министрлік пен «Бәйтерек» холдингі саланы субсидиялау жөніндегі қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасап, орын алған олқылықтар мен кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Бұл саладағы тағы бір өзекті мәселе — азық-түлік тауарларына әділ баға белгілеу болып отыр. Өнімнің кейбір санаттары бойынша импорттың үлесі айтарлықтай көп екені жасырын емес. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолға делдалдар орнығып алған. Осы себепті аталған өнімдердің бағасы айтарлықтай өсіп отыр. Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көтерме-тарату орталықтарының желісін дамыту – өзекті мақсаттардың бірі», — деді Мәулен Әшімбаев.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/auyl-sharuashylygynda-ondirushiden-tutynushyga-deyin-deldaldar-ornygyp-algan-senat_a3869896